Аудандар арасындағы өзара тәжірибе алмасу барысындағы облыстық семинар

2022 жылғы 26 сәуір күні Павлодар облысы білім беру басқармасы Білім беруді дамытудың инновациялық орталығының қолдауымен «Қазақ тілі мен әдебиеті және тарих сабақтарында оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттырудың тиімді жолдары» тақырыбында Железин және Успен ауданы әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен семинар Железин ауданының М. Дулатұлы атындағы №3 ЖОББМ-де өтті.
Кіріктірілген ашық сабақтар 8, 9 сыныптарда екі пән мұғалімдерінің бір кабинетте сабақ беруі арқылы жүзеге асырылды. Шеберлік сағатында мұғалім қоржынын толтыруға бағытталған тың әдіс-тәсілдер, идеялар алынды. Бүгінгі күндегі өзекті мәселелердің бірі – оқушылардың кітап оқуға қызығушылықтарын арттыруға негізделген әртүрлі жұмыс түрлері, жеткен жетістері көрсетілді.
Білім беруді дамытудың инновациялық орталығының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскері Б. Солтанова және тарих пәні әдіскері Н. Сулейменова әдістемелік сүйемелдеу мақсатында өз көзқарастарын білдіріп, кері байланыс жасады.
Білім алушылардың ұлттық құндылықтарын, рухани ой-өрісін өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына сіңіру және тіл мен тарихты оқытудың маңыздылығы зор екендігін таныту арқылы оқу сауаттылығын дамытудың тиімді жолдарын тәжірибе көрсету болып табылады.
Семинар соңы мектеп оқушыларының шағын концертімен жалғасын тапты.
Қатысушылар өзара тәжірибе алмасудан жаңа серпіліс алды, ұсыныстар берілді.